67 жасар такси жүргізуші апа
Асығыс болған кезде үйге шақыртатын немесе көше бойында тұрып тоқтататын такси жүргізушілері әдетте ер адамдар болып келеді. ШҚО, Аягөз қаласының тұрғыны, 67 жасар Оразхан Манабаева апамыздың такси жүргізушісі болып жүргеніне отыз жылға жуық уақыт өтіпті.
— 1984 жылы Аягөздегі автомектепті «В» категориясы бойынша бітірдім. Күндіз жұмыс істеп, түнгі ауысымда оқыдым. Жүргізу куәлігін алғаннан бері көлік жүргізіп келем. Ол кезде қазіргідей көліктің түр-түрі болған жоқ. «Жигули», «Запорожец», «Москвич», «Волга» және тағы да басқа шектеулі ғана түрі болды. Шаруашылық меңгерушісі маған «Запорожец» көлігін берді. Елдер жаяу келгенше, мен машинамен екі бөшке сыра сатып, жоспарды жақсы орындап жүрдім. Өкімет құлаған жылдан бері таксист болдым, — дейді Оразхан апа өткен-кеткен күндерін есіне алып.